You are currently viewing «Нұрлы жол» вокзалында «Үздік ауысым» байқауы өтті

«Нұрлы жол» вокзалында «Үздік ауысым» байқауы өтті

  • Post category:Новости

«Нұрлы жол» вокзалында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында «Үздік ауысым» байқауы өткізілді. Жарты жыл сайын өтетін байқау қызметкерлер арасында бәсекелестікті арттыру, оларды ынталандыру мақсатын да көздейді.

– Байқау талаптарына сәйкес ауысымдардың жолаушыларға қызмет көрсету сапасына назар аударылады, яғни ауысымның және ауысымдағы нақты бір қызметкердің атына айтылған жағымды пікірлер, сонымен қатар ауысым атына айтылған шағымдар қанша екеніне де мән беріледі. Екіншіден, еңбек тәртібі де қаралады. Мәселен, тәртіптік жазаға тартылуы немесе керісінше мақтауға лайық деп танылуы анықталады. Тағы бір талап бойынша ауысымдардың филиалдың қоғамдық өміріне араласуы қандай деңгейде екені салыстырылады. Компанияда ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысуы, солардан алған марапаттар саны, корпоративтік іс-шараларға тартылуы, соған қоса сервисті жақсарту бойынша ұсыныстары, яғни рационалды идеяларының болуы да бағаланады, бұл ретте олар ұсынған рационализаторлық ұсыныстар өндіріске енгізілген болуы керек. Осы талаптардың бәріне жауап беретін лайықты ауысымды анықтауға тырыстық, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Астана теміржол вокзал кешені» филиалы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Айгүл Өксікбаева.

4 ауысым арасында өткен байқауға филиал басшылығы мен бөлім басшылары, менеджерлер және кәсіподақ ұйымы өкілдері қазылық етті. Жарыс нәтижесінде төрт ауысымның ішінде жоғарыда аталған барлық талаптарға сәйкес келіп, жоғары ұпай жинаған ІІ ауысым үздік болып танылды. Жеңімпаз ауысымға байқау кубогы мен дипломы және кәсіподақ ұйымының қолдауымен ақшалай сыйлықтар берілді.