You are currently viewing ШЕБЕРЛІК СЫНҒА ТҮСТІ!

ШЕБЕРЛІК СЫНҒА ТҮСТІ!

  • Post category:Новости

Қоғам арасында бұқаралық спортты дамыту – ұлт саулығын нығайтудың кепілі. Ал теміржолшы- лар арасында спортпен тұрақты айналыспайтын адам жоқ десек болады. Түрлі спорттық шара- ларды тұрақты өткізу үрдіске айналған.

Жуырда Арыс қаласындағы Орталық стадионда өткен дүбірлі дода – осының айғағы. Салауатты өмір салтын ұстанатын теміржолшылар спорттың бірнеше түрінен бақ сынасты. Сала кәсіподағы Шымкент филиалының төрайымы Нағима Салықбаева «Ел тәуелсіздігі күні қарсаңындағы бұл спорттық сайыс «Қазкөліккәсіп» ұйымының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды» дейді. Кәсіподақ ұйымы өкілдері ұйымдастырған шараға барлығы 70-ке жуық адам қатысып, шағын футбол мен арқан тартудан өткен сайыста 7 команда сайысты. Жарыстың талапқа сай тәртіппен өтуін Шымкент филиалының спорттық шараларды ұйымдастырушынұсқаушысы Елена Маньшина мен Арыс станциясының спорт нұсқаушысы Көмек Асанов бастаған қазылар алқасы қамтамасыз етті. Күнұзаққа созылған тартысты ойында жеңімпаз команданы анықтау оңайға түспеді. Айталық, бес адамнан құралған командалық арқан тартыста жеңіс әр тарапқа ауып түсіп, жігіттерге бірнеше реттен күш сынасуға тура келсе, футболдағы жеңімпаз пенальти арқылы анықталды. Нәтижесінде арқан тартудан ШЧ-38 командасы 1-орын, ТЧЭ-32 командасы 2-орын, ал ВЧД-30 командасы 3-орынға лайық деп танылды. Ал футбол бойынша ШЧ-38 (1-орын), ВЧД-30 (2-орын) және ШЧ-30 (3-орын) командасының екінші құрамасы жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша, күш-қуат пен шеберлік сынға түскен сайыста үздіктер анықталып, түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Жеңімпаз команда арнайы кубок иеленсе, «Үздік шабуылдаушы», «Үздік қақпашы» аталымдары бойынша арнайы дипломдар табысталды.


Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, Арыс
Суреттерді түсірген автор