You are currently viewing Сексеуілдік жолшыға – құрмет

Сексеуілдік жолшыға – құрмет

  • Post category:Новости

Саналы ғұмырының аттай 45 жылын теміржол саласына арнаған Киікбай аға Сексеуіл станциясында тұрады. Жуырда дистанция ұжымы тәжірибелі жол жөндеушіні үлкен құрметпен зейнет жасына салтанатты түрде шығарып салды.

Елдос Жеткербай басқарып отырған Сексеуіл жол дистанциясының басшылығы мен әріптестері түгел бас қосқан жиында «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, әріптестері мен шәкірттері Киікбай ағаның қадір-қасиеті мен жұмысқа адалдығын, тәжірибесін тілге тиек етіп, алғыстары мен ақ тілектерін жеткізді.  

– Алғашқы еңбек жолын 1978 жылы Қазалы жол дистанциясының Сексеуіл телімінде бастаған Киікбай Алтаев ағамыз бір орында тапжылмай 45 жыл еңбек етіпті. Бүгінде ұлы Файзулла да Сексеуіл жол дистанциясында жол жөндеуші болып әке жолын жалғастырып жүр. Тек әулет жалғасы емес, тәжірибелі жолшы тәрбиелеген шәкірттерінің бірі. Отбасындағы үш баланың ішінен икемі бар деп Киікбай аға осы ұлын таңдап алып өзі үйретіп, мынау деген жолшы етіп шығарды, – деді дистанцияның кәсіподақ ұйымы төрағасы Көбейсін Рысмамбетов.  

Салтанатты жиында Киікбай Алтаевқа дистанция басшылығының алғысы мен құрметі білдірілген адресат табыс етіліп, иығына кәсіподақ ұйымы әзірлеген шапан жабылды. Одан бөлек ұжымның, әріптестердің сый-сияпаты бір бөлек.  

Жастай еңбекке араласып, талай өзгерістерге куә болдық. Салалық кәсіптің алғашқы кезеңдерінде барлық жұмысты жалаң қолмен жасайтын заманды да өткіздік, қазір көп жұмыс техниканың күшімен атқарылып, жол саласы дамып жатыр. Жұмыстың дені техниканың күшімен жасауға көшірілсе де рельс жағалап жүріп жолдың бабын жасайтын жол жөндеушілердің орны бөлек, оған шектеу болмауы керек деп ойлаймын. Бүгін міне еңбегімді елеп, мені шығарып салуға арнайы келген басшылық пен әріптестерімнің құрметіне алғыс білдіремін, – дейді дистанцияның су жаңа зейнеткері.